СҚО-да өзгенің атынан несие алған күдікті ұсталды

Петропавл қаласының тұрғыны бөгде адамның атына несие ресімдеді деген күдікпен қолға түсті, деп хабарлайды Хабар 24.

33 жастағы тұрғын жеке мәліметтер көрсетілген құжаттың көшірмесін тауып алып, ғаламтор арқылы несие алған. Шығын көлемі 50 мың теңгені құрады. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Данияр Ғалиақпаров, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел өкілі:

– Әрбір жағдайда тұрғындар өз мәліметтерін, жеке куәліктерін, жеке деректерін бөгде адамдарға айтпауы қажет. Мысалы, банк қызметкері болып ұялы телефондарға қоңырау шалса, ол адамдарға банктің карталарын және де келіп түскен SMS-кодтарды айтпау қажет. Өйткені олар алаяқтар болуы мүмкін.

ЕСІРТКІ МЕН ҚАРУ ТӘРКІЛЕНДІ

Түркістан облысында екі күн ішінде қару, есірткі және діни мазмұндағы әдеби кітаптарды сақтаудың жеті дерегі тіркелді. Ұқсас фактілер бірнеше аудан мен Кентау қаласының аумағында анықталған. Мәселен, Отырар ауданының тұрғынынан марихуана салынған орама мен 36 патроны бар екі ұңғылы аңшы мылтығын тәркіленді. Сондай-ақ діни сипаттағы 20-дан астам кітап табылды. Ал жетісайлық азамат болса, тіркелмеген газды тапанша мен 20-дан астам оқ-дәрі сақтаған.

Сұлтанбек Үсіпбеков, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

– Барлық жайттар ҚР Қылмыстық кодексінің 296 және 287 баптарымен қазір тіркеуге алынып, қылмыстық істер қозғалды. Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Ұсталғандардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

БІР АДАМНАН ҮШ ТАПАНША ТАБЫЛДЫ

Ұрланған қаруды үйде сақтау деректері Алматы облысында да тіркелді.  Полицейлердің тінту шаралары нәтижесінде Макаров пистолетінің үш данасы мен өзге қорғаныс құралдарын тәркіледі. Күдікті Сарқан ауданының 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол кінәсін толық мойындады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

 

ТӨРТ БАЛЫҚШЫ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Шығыс Қазақстан облысында қолайсыз ауа райына қарамастан, балыққа шыққан азамат өлім аузынан құтқарылды. Олар Зайсан көлінде балық аулаған. Сосын жолда  көліктері бұзылып, тұрғындар үйлеріне қайта алмаған. Оларға жақын маңдағы өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері көмекке келді. Құтқарушылар көлге дер кезінде жетпесе, балықшылар далада үсіп қалар еді, дейді мамандар. Абырой болғандар, ешкім зардап шекпеді.

КӨЛІК ҰРЫСЫ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Шымкенттік полицейлер 1,2 млн. теңге тұратын ВАЗ маркалы көлігін айдап кеткен азаматты ұстады. Оқиға шаһардағы автотұрақтардың бірінде болды. Тәртіп сақшылары сол жерге шұғыл жетіп, ұрының ізіне түскен. Бөгденің көлігіне қызыққан азамат оқиға орнынан қашып кетпекші болған. Бірақ айласы іске аспады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктінің осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.