Қызылордада көктайғақтан 23 жол апаты тіркелді

Қызылордада көктайғақтан 23 жол апаты тіркелді

Қызылорда облысында өткен тәулікте түнге қарай көктайғақ салдарынан 23 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қызылордада көктайғақ салдарынан қала аумағында 28-інен 29-на қараған түні 23 жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Жол апатынан жарақат алғандар жоқ. Бұл бойынша көлік жүргізушілеріне ҚР Әкімшілік Құқық бұзушылық кодексінің 610-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Онда көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы жағдайы көрсетілген.

«Жол бойында арнайы 19 автокөлік жұмылдырылып, құм-тұз себу жұмыстары жүргізілді. Қала тұрғындарынан жолда абай болуын және жүргізушілерден көлік жылдамдығын үдетпеуін сұраймыз», - деп мәлім етті Қызылорда қаласының Полиция басқармасынан.