Шекарадан өтпек болған шетелдіктің аяқ киімінен есірткі табылды

Шекарадан өтпек болған шетелдіктің аяқ киімінен есірткі табылды

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Жібек жолы шекара бекетінде есірткі контрабандасы бойынша күдікті ұсталғаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды «Хабар 24» Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, аталған шекара бекетінен өту кезінде Қазақстан Республикасынан Өзбекстанға қарай өтіп бара жаткан орта жастағы ер азаматқа Пайк атты қызметтік ит үріп, белгі берген. Содан шекарашылар бірден жедел-тергеу тобын шақырды. Сарыағаштық тәжірибелі полицейлерден құралған жедел уәкілдер ер адамның Өзбекстан Республикасының азаматы екенін анықтады. Сонымен қатар полицейлер күдіктіні тінту кезінде оның жолсөмкесіндегі аяқ киімінің ішінен есірткі тектес затты тәркіледі. Алынған зат сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген заттың 2 грамға жуық марихуана екені расталды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 286 бабымен, яғни айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы дерегімен тіркелді. Қазіргі таңда шетел азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде күдікті қамауда.