БҚО-да бюджеттен 31 млн теңге жымқырған әйел сотталды

БҚО-да бюджеттен 31 млн теңге жымқырған әйел сотталды

Батыс Қазақстан облысында бюджеттен 31 млн теңге жымқырған қызметкерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сырым аудандық білім беру бөлімінде есепші болған әйелдің кінәсі толық дәлелденген. Күдікті қылмысын мойындады. Ол жымысқы әрекетін ұзақ уақыт бойы жалғастырып келген. Қолды болған қаражат мемлекетке қайтарылды. Аудандық сот отырысында мемлекеттік айыптаушы судъядан кінәлі тұлғаны 8 жылға бас бостандығынан айыруды ұсынды. Ал айыпталушының адвокаты келіншектің бұрын істі болмағанын және кәмелетке толмаған екі қызы барын алға тартып, жазаны жеңілдетуді сұрады. Сот үкімімен қылмыскер 7 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Судъя жазаны өтеу мерзімін келіншектің кенже қызы 14 жасқа толғанға дейін шегере тұру туралы шешім қабылдады.

Нұргүл Қанатбаева, облыстық соттың баспасөз хатшысы:

– Кушаева Ақкенже ҚК 189-бабы, 4-бөлімінің 2-тармағымен көзделген, яғни, жымқыру белгілерімен қылмыс жасаған. Оған осы баппен мүлкін тәркілеусіз 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК 74-бабының 1-бөлімі негізінде тағайындалған жазаның өтелу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.