Баянауылда шағын автобус аударылып қалды

Баянауылда шағын автобус аударылып қалды
@Pavlodarnews.kz

Баянауыл ауданында екі ірі жол-көлік оқиғасы орын алып, зардап шеккен 14 адам медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық жедел жәрдем станциясының мәлімдеуінше, соңғы 3 тәулікте медқызметкерлер 10 жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге көмек көрсеткен. Екі қоңырау өндірістік жарақаттар, үш қоңырау өрт шығуы себепті түскен.

- 7 мамырда 103 қызметі Торайғыр көліне баратын жолда орын алған апатқа шықты. Бұнда 17-19 жас аралығындағы бес жас адам зардап шеккен. Барлығы аудандық ауруханаға жеткізілді, - деді жедел жәрдем станциясында.

Сондай-ақ 9 мамырда Баянауыл мен Қаражар ауылының арасындағы тас жолдың бойында болған жаппай апатта да 103 қызметі жылдам көмек көрсетті.

- Ол жерде шағын автобус жолда аударылып қалды. Жедел жәрдемнің екі тобы түскен қоңыраудан кейін 17 минутта оқиға орнында болды. Тоғыз зардап шегуші шұғыл көмекке мұқтаж болды. Әрқайсына көмек көрсетіліп, аудандық ауруханаға жеткізілді, - деді 103 қызметінде.

Өтінішті күтпестен 103 қызметінің басшылығы медициналық авиация арқылы Баянауыл ауданына екі реанимобиль жіберуге шешім қабылдады. Әуе көмегі тобының құрамында зардап шеккендерге ота жасауға толық дайын болған травматолог, хирург, нейрохирург және реаниматолог болды.

Тікұшақ арқылы ауыр халде жатқан үш науқас – 36 жастағы ер адам, 35 ​​жастағы әйел және 16 жастағы жасөспірім алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін Павлодарға жеткізілді. Тағы бір науқас – 22 жастағы бойжеткенді бүгін облыс орталығына әуе көлігімен жеткізу жоспарланған.

Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, Баянауылдан 20 шақырым жерде «Volkswagen Crafter» шағын автобусы мен «Audi 80 B4» жеңіл көлігі соқтығысқан.

- «Audi 80 B4» көлігінде 47 жастағы ер адам болған. Ол «Volkswagen Crafter» көлігін барып соққан. Шағын автобус тізгінінде 1964 жылғы ер адам болған, - деді департаменте

Оқиға салдарынан екі көлік те жол шетіне аударылып кеткен. Көліктер айып тұрағына қойылды.