Ақмола облысында 20 млн теңгенің темекісі тәркіленді

Ақмола облысында 20 млн теңгенің темекісі тәркіленді

Ақмола облысында заңсыз темекі өнімдері тәркіленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сәйкестендіру құралдары жоқ заттың 69 жәшігі анықталған. Нарықта белгіленген ең төменгі бағаға сәйкес, заңсыз бизнестен келген шығын 20 миллион теңгеден асқан. Құзырлы орган өкілдерінің сөзінше, көлеңкелі кәсіппен шетелдік азамат айналысып келген. Оған заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысты деген айып тағылып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Нұрлан Ысқақов, облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі:

– Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері және облыстық Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп ГАЗ-33025 маркалы автокөлік құралында сәйкестендіру құралдарынсыз 69 жәшік, 34 500 қорап темекі өнімін тасымалдау фактісі анықталды. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде заңсыз темекі өнімдері аталған автокөлік құралына Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әмір» әмбебап базарының аумағында артылғаны анықталды.