Павлодарда сарбаздар екі бірдей алаяқты ұстап берді

Ұлттық Ұланның 5512 әскери бөлімінің сарбаздары бір күнде екі бірдей алаяқты қолға түсірді.

Павлодар қаласында кезекті патрульдік қызмет атқару барысында белгісіз азамат сарбаздарды көріп, қаша жөнелген. Осылайша күдік туындап, әскерилер оның соңына түсті. Жергілікті учаскелік полиция бекетінде оның алаяқтық бойынша іздеуде жүргені анықталды. Бұған дейін 1 млн теңгені қолды қылып, қылмыстық іске қатысы бар болып шықты. Күдікті тәртіп сақшыларына тапсырылды. Әскери бөлім сақшылары бірер сәттен соң тағы бір күдіктіні қолға түсірді. Ұсталған азаматтың танысынан қарызға ақша алып, жалтарып жүргені белгілі болды. Бұған дейін бұл дерек бойынша қала тұрғыны полицияға арызданған.

Бағдат Амангелді, "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы:

- Қаладағы қоғамдық тәртіпті күзету барысында ұстаған қос бірдей азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 190-бабының бірінші тармағы бойынша алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Олардың бірі полицейлік учаскелік пунітте тексеру барысында 1 млн теңге ақша жымқырғаны үшін іздеуде жүргені анықталды.