Павлодар облысында Lexus қағып кеткен жасөспірім жансақтау бөліміне түсті

Павлодар облысының Екібастұз қаласында көлік қаққан 11 жастағы бала ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Екібастұз полиция басқармасының мәліметінше, 17 шілде күні шамамен сағат 12:15 шамасында Lexus RX300 автокөлігінің 20 жастағы жүргізушісі М.Әуезов көшесімен жүріп келе жатып, Абай көшесінің қиылысында кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

– Жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталуда. Сараптама тағайындалды. Автокөлік Екібастұз қаласының мамандандырылған айып тұрағына қойылды, – дейді департаментте.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында баланың Екібастұз қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылғанын хабарлады.

Жол апатынан зардап шеккен жасөспірімнің жағдайы ауыр деп бағаланауда.

Бас миының жабық жарақаты, миының шайқалуы, оң жақ жіліншігінде бір бөлігінің сынуы, кеуде қуысының зақымдануы тіркелген.