Қызылорда облысында өрт оқиғалары жиіледі

Қызылорда облысында өрт оқиғалары жиіледі

Қызылорда өңірінде күннің қатты ысуынан тілсіз жау толастамай тұр. Тек шілде айының өзінде 15 жағдай тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көп жағдайда өрттің шығу себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болады. Бірер күн бұрын ғана облыс орталығындағы жеке үйлердің бірі толықтай жанып кетті. Мамандар газ баллонының жарылуына жол бермей, қызыл жалынның көршілес ғимараттарды шарпу қаупінің алдын алып үлгерді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Мамандар оттың шығу себебі мен шығынын есептеп жатыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 200-ден астам өрт оқиғасы тіркелген. 

Асхат Оразбеков, облыстық ТЖД басқармасының басшысы:

– Тұрғындардың көбісі мұздатқыш, салқындатқыш қолданады. Соның салдарынан барлық тоқ кернеуіне салмақ түсіп, электр желілері қысқаша тұйықталулары болып отыр және отты пайдаланудағы салғырттықтарынан. Яғни Қызылорда қаласында 15-20 метр секундына дейін жылдамдықпен ыстықпен қатар жел де бар. Осыған байланысты аулаларын тұрғындар тазарту барысында аяқ астынан жел тұрып, ұшқын ұшып, өрттің әрі қарай ұласуына себеп болып отыр.