Қызылорда облысында шоғырсым ұрлағандар қылмыс үстінде қолға түсті

Қызылорда облысында алты адамнан тұратын қылмыстық топ көшелерді жарықтандыруға арналған шоғырсымдарды ұрлаумен айналысқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тасбөгет кентіндегі көшелердің бірінен белгісіз адамдардың шоғырсымдарды қиып әкеткені туралы полицияға кәсіпорын басшысы арызданған. Жедел іздестіру кезінде қаскөйлер облыс орталығының сол жақ жағалауында кезекті рет ұрлық жасау үстінде ұсталды. Олар еш жерде жұмыс істемейтін 27 мен 32 жас аралығындағы азаматтар болып шықты. Бір ай бойы шоғырсымдарды ұрлап келген күдіктілердің бірі бұрын электрик болып жұмыс істепті. Ол жарық беретін бағаналарды тоқтан ажыратса, қалғандары сымдарды қиып көлікке тиеген. Олжаларын түсті және қара металл қабылдайтын орындарға тапсырған. Тергеу барысында олардың осы тектес 4 қылмысқа қатысы бары анықталды. Мемлекетке  келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

ДАЛА ӨРТІ ТІРКЕЛДІ

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында дала өрті тіркелді. Қызыл жалын Сарыбел ауылдық округіне қарасты 42 гектар жерге жайылды. Өртті сөндіруге Өскеменнен қосымша күш құрылымдары жетті. Тілсіз жау таулы аймақтан шыққан. Сол себепті оны жоюда бірқатар қиындық туындапты. Алайда орман қорымен елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Бүгінгі таңда қауіп сейілгенімен кейбір жерлер түтіндеп жатыр. Өртке қарсы күреске жүзге тарта адам, оннан аса арнайы техника жұмылдырылды. 

ҮЙ АУЛАСЫНДА СОРА ӨСІРГЕН

Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны үйінің ауласында сора өсірген. Қырық алты жастағы күдіктіден биіктігі 65-70 см болатын 41 түп өсімдік тәркіленді. Айғақ зат түрінде алынған 5 келі шөптің сараптама қортындысы бойынша сора екені анықталды. Тыйым салынған өсімдікті өсірген азамат қамауға алынды.

КҮДІКТІНІҢ ҮЙІНЕН ЕСІРТКІ ЗАТТАРЫ ТАБЫЛДЫ

Өскемен қаласының тұрғыны да есірткі заттарымен ұсталды. «Қарасора-2022» жедел алдын алу шарасы барысында 40 жастағы қала тұрғынының үйіне тінту жүргізген полиция қызметкерлері жасыл-сұр түсті шөп тектес зат салынған қалта тапқан. Бұдан бөлек жасыл түсті өзіндік иісі бар 10 түйіншек табылған. Сараптамалық тексеру барысында алынған айғақ заттардың жалпы салмағы жарты келіге жуықтайтын кептірілген марихауана екені белгілі болды. Аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалды

ОН СЕГІЗ ЖАСТАҒЫ ЖІГІТ СУҒА КЕТТІ

Павлодар облысының Май ауданында 18 жастағы жігіт суға кетті. Қайғылы оқиға Баскөл ауылының жанындағы Белое өзенінде болды. Куәгерлердің айтуынша, кешкі сағат 19-дар шамасында алты дос рұқсат етілмеген жерге шомылуға барған. Араға бір сағат салып біреуі суға батып кеткен. Қалғандары шұғыл түрде көмекке ұмтылғанымен адам өмірін ажалдан арашалау мүмкін болмаған. Құтқарушылар марқұмның денесін судан алып шықты. Оқиғаның мән-жайын полиция зерттеп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.