Теріскейден келген өрт сөндірушілер үйлеріне қайтты

 Теріскейден келген өрт сөндірушілер үшін бүгін қуанышты күн. Таңертең оларға «үйге қайтасыңдар» деген пәрмен келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаментінен 6 арнайы техника мен 50 өрт сөндіруші келді. Олар келе сала Аманқарағай ауылындағы мұнай базасын тілсіз жаудан аман алып қалуға атсалысқан.

Марат Сыздықов, СҚО ТЖД басқарма басшысының орынбасары:

- Біз келгенде мына жақтың бәрі жалынның құрсауында болатын. Түн мезгілі еді. Бірден іске кірісіп кеттік. Ең қауіптісі - мына тұрған мұнай базасы болды. Топ-топқа бөлініп, өртті жан-жақтан сөндірдік. Тұрғындардың арасынан да бізге су тасып, көмектескендер болды.

Қарағанды облысының сарбаздары да жолға жиналып жатыр. Олар - өзге өңірлерден көмекке келгендердің ішіндегі ең жасы. 18-20 жастағы жігіттер. Әскери бөлім, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарағандықтан қатардағы жауынгерлер, осы күнге дейін бірнеше ірі апатты көріп үлгерген.

Еламан Дәулет, ҚР ТЖМ 52/859 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері:

- Осы сентябрьдің 3-і күні келдік. Келгелі өрт сөндіріп отырдық. Өшірдік деген ойдамыз. Қиын болмады негізі. Әдеттегі жағдай. Баянауылда болдық, өртке бардық. Қарқаралыда болдық.

Айта кетейін, кеше түстен кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Әулиекөл ауданындағы өрттің сөндірілгенін айтқан болатын. Енді табиғат апатын толық жою үшін жергілікті құтқарушылармен қатар көрші ақмолалық өрт сөндірушілер қалып отыр.

Уәлихан Мұсанов, облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі:

- Қазір жұмыс  4 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Олар: өрт сөндірілген жерлерге тілсіз жау қайта тұтанбау үшін су құю, бықсып жатқан учаскелерді жою және елді мекендердің айналысына минералды жолақтар жасау. Дәл қазір маңайдағы ауылдарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Осылайша Әулиекөл ауданындағы орман өртіне жұмылдырылған 2 мыңнан астам құтқарушының басым бөлігі үйлеріне қайтты. Ал, қазір бұл өлкеде 400-ден аса өрт сөндіруші қалып отыр. Алдағы күндері Ақмола облысынан келген жігіттер де өздерінің тұрақты қызметтеріне оралады. Ал, жедел штаб, табиғат апатының салдары толық жойылғанға дейін жұмыс істей бермек.

Авторлары:Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко