БҚО-да мұнай зауытының жұмысын тоқтатуды талап етіп, сотқа шағым түсті

Батыс Қазақстан облыстық экология департаменті қоршаған ортаға залал келтірген мұнай зауытының жұмысын тоқтатуды талап етіп, сотқа шағым түсірді.  Бұған Теректі ауданының Пойма, Ақсуат және Магистральный ауылы тұрғындарының «Петрореф» ЖШС қызметіне қатысты шағымдары негіз болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылына 10 мың тонна мұнайды өңдеп және сақтауға арналған зауыт 10 жыл бұрын ашылған. Бірақ, тұрғындар зауыттан түнгі мезгілде тарайтын өткір иіске наразы. Ал, бұған дейін де бірнеше рет айыппұл төлеген зауыт қоршаған ортаны ластайтын заттарды сүзіп қалатын арнайы қондырғыларды орнатуға асығар емес.

Алматай Жұмағазиев, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:

- Тексеріс нәтижелері бойынша эколгиялық кодексінің 207 бабының бұзылғаны анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 331 бабының 3-тармағымен әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар 2020 жылы тексерілген нәтижесі бойынша нұсақаманы орындамағаны  анықталып, «Петрореф» ЖШС жұмысын тоқтату жөнінде экономикалық сотқа жіберілді.