Ақтөбеде қонақ үйлер мен хостелдерде бос орын жоқ

Ақтөбеде қонақ үйлер мен хостелдерде бос орын жоқ

Ресей азаматтарының жаппай ағылуына байланысты жалдамалы баспана құны күрт өскен. Бұған дейін 50-60 мың теңге төңірегіндегі бір бөлмелі пәтерлерге 3-4 есе қымбат баға сұрайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соған қарамастан облыс орталығында түнеп шығар орын қалмаған.

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 4 тәулік ішінде 1148 адам қонақ үйлерге табан тіреген. Ал, хостелге алдын ала тапсырыс беріп, орын алу мүмкін емес. 

Әсел Қуаналиева, хостел меңгерушісі:

- 21-і күні түнде уже басталды. 22-не қараған таңда 4-тен бастап уже бәрі келіп жатыр. Әйел адамдар бөлмелері бос. Орын бар. Ер адамдікінде бізде жоқ. Общий бөлмеде бізде 48 адамға және 2 ВИП бөлмеде 6 орын бар. 2 және 4 орындық. Оның да барлығы бос емес.

Жатын орын іздеп, босып жүрген ресейліктер шекарада тәуліктен астам уақыт ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Одан соң қалаға жеткізер такси құны да екі есе өскен. Тілшілерімізбен сұхбаттасқан Ресей азаматтары Қазақстанға туристік сапармен немесе туған-туыстарына қонаққа келгендігін айтты. Қазір олардың дені қала көшелерін аралап, жатын орын іздеуге мәжбүр. 

Алексей, РФ азаматы:

- Біз шекараға дейінгі көлік кептелісінде 29 сағат тұрдық. Қала аралап баспана іздегенімізге 4 сағаттан асты. Интернеттегі жарнама бойынша хабарласқанымызбен әзірге нәтиже болмай тұр. Бос пәтер жоқ. Бағасы да бірнеше есе қымбат.