Ақтөбеде жерді заңсыз саудалаған лауазымды тұлға күдікке ілінді – Антикор

«Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының лауазымды тұлғасы 25 гектар жерді заңсыз саудалады деген күдік бар. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан мемлекетке 400 млн теңге көлемінде шығын келген. Қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр. Мамандар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасында жер қатынастары саласы әлі де болса осал екендігін айтады. Мәселен кәсіпкерді «1 гектар жер беріледі»,- деп алдап 1 млн 300 мың теңгесін жымқырған қала әкімдігінің қызметкері әшкере болған. Мұндай дерек Алға ауданында да анықталып отыр.

Марат Нұрмұханов, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының орынбасары:

– Қазіргі таңда департаменттің өндірісінде үш қылмыстық іс бар. Біреуі СПК «Ақтөбе» лауазымды тұлғаларына қатысты, біреуі Ақтөбе қалалық жер бөлімшесі лауазымды тұлғаларына қатысты, біреуі аудандық бөлім лауазымды тұлғаларына қатысты. Қазіргі кезде тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қылмыстық іс аяқталған соң, шешім қабылданған соң жерлер Үкіметке қайтарылады.