Жамбыл облысында ителгіні шекара асырмақ болғандар ұсталды

Қызыл кітапқа енген сұңқар тұқымдас құстарды Бесағаш шекара бөлімшесі аумағынан Қырғызстанға өткізбек болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қылмыскерлердің қырғыз жақта сыбайласы болғаны анықталды. Құс салынған қорапты шекарашылар ашқан кезде күдіктілер қашып үлгерген. Қазір іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Орманшылар залал көлемі 58 млн теңгеге жуық екенін айтты. Браконьерлер бұл құстарды Біріккен Араб Әмірліктері мен Катар мемлекеттеріне жібермек болған. Ол жақта сұңқардың құны 10 мыңнан 50 мың долларға дейін барады дейді мамандар.

Нұрғали Ниязқұлов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– Құқық бұзған азаматтар қашып кеткен оқиға орнынан. Жаңағы қорапшаға салынған құстарды тастап. Осы аталған іс бойынша Жамбыл аудандық ішкі істер басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда 339 баптың бірінші бөлігі бойынша құстар Шымкент саябағына өткізілді. Уақытша ұстап, сот шешімі шыққанға дейін.