Жаркентте өрт сөндіруші өртенген үйден бір отбасын құтқарып қалды

Жаркент қаласындағы өрт сөндіру бөлімінің қызметкері өртенген үйден бүтін бір отбасын құтқарып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіби маманның сын сағатта көрсеткен ерлігі мен біліктілігінің арқасында тұрғындардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Шұғыл әрекет еткен Еркебұлан Айтбаев қызметтестері келгенше қауіптің де бетін қайтарған. Бейбіт күннің батырын облыстық төтенше жағдайлар департаменті марапатқа ұсынды.

Көршісінің үйі өртеніп жатқанын Еркебұлан Айтбаев түнгі ондарда байқаған. Білікті маман бірден әрекет етіп, бейқам жүрген отбасын сыртқа шығарды.

Еркебұлан Айтбаев, өрт сөндіруші: 

- Бала шағасын көтеріп,өз үйіме әкелдім. Одан кейін дереу келдім де газ балон жарылмасын деп балон шығардым. Одан кейін светті өшірдім автоматтан.

Қауіптің алдын-алған Еркебұлан болған жайтты уатсап арқылы көршілеріне хабарлап оларды да көмекке шақырды. Жүгіре жеткен жігіттермен бірге өртенген үйден құжаттарды, дүние-мүліктерді тасыды. Соның нәтижесінде кәдеге жарайтын тұрмыстық заттар түгел шығарылды. Ер азаматтар келесі күні де келіп, үйдің қабырғасын бұзып, жаңасын салатын орын дайындауға көмектескен.  

Жандос Әділбаев, Үлкен шыған ауылының тұрғыны: 

- Бүкіл халқыма ауылыма рахметімді айтам. Ел жұрт көмектесіп қыстың көзі қырау деп үй салып қол ұшын созамыз деп жатыр. Ең бастысы отбасым аман.

Үлкеншыған ауылында тұратын Еркебұлан отан алдындағы борышын төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты әскери бөлімде өтеген. Туған жеріне келген соң да  осы салада  қызмет етуді құп көріпті. Биыл оның өрт сөндіруші болып еңбек еткеніне 15 жылдан асты. Өткен жылдарды айтпағанда биылдың өзінде ол 100 шақты нысандағы өртті сөндіруге ат салысқан.

Асылан Әбіл, Панфилов аудандық ТЖБ басшысы:

- Еркебұлан сапта тартымды, жұмысты тиянақты. Өрт жағдайында да салқынқандылық танытып, әрдайым өртті жоюға дайын. Адам ретінде айтқанда жұмыскерлер арасында сыйлы. 15 жыл жұмыс өтілі ішінде тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған.

Еркебұлан өрт сөндіруші болса, жары жедел жәрдем қызметкері. Екеуі жұмыс бабында бір шақыртуға барған кездері де болыпты. Отағасы апатпен арпалысса, Жұлдыз жапа шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Екі бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы осылайша елдің құрметіне үлкендердің алғысына бөленіп жүр.

Тұрған Жанұзақов, Е. Айтбаевтың әкесі:

- Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын дейді. Енді жақсысын айтқаннан кейін марқаясың ғой. Алғысын алып жатыр. Рақмет, ел жұртқа да еңбегін бағалап жатыр. Енді ол өзінің міндеті деп білем. Әлі де ел жұртқа көмектесіп, ағайын туысына аман-есен шапқылап жүре берсін.

Бейбіт күннің батырына Панфилов ауданының әкімдігі құрмет көрсетті. Кезекшілікке түскен сайын өмірін қауіп пен қатерге тігетін өрт сөндірушіні енді облыстық төтенше жағдайлар департаменті де марапаттамақ.