Ақтөбе облысында жасөспірімдер мінген көліктің жүргізушісі қалғып кеткен болуы мүмкін

Бұл туралы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Байжанов мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, балаларды тасымалдау ережесі өрескел бұзылған. Спорт мектебі тарапынан қауіпсіздікті қамтамассыз етуге тиісті шара қаралмапты.

Атап айтқанда, балалар мінген көлікке жол бастап жүру үшін патрулдік полицияға өтініш берілмеген. Сапарды ұйымдастырған жауапты тұлғалар арнайы жабдықталған автобус да алдырмаған.

Қазір бұл дерекке қатысты бірнеше іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. 21 жастағы көлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ал, апаттан кейін реанимацияға жеткізілген 5 жасөспірімнің 3-і есін жиған. Ал, 2 баланы дәрігерлер медициналық ұйқыда ұстап отыр.

Ғалым Байжанов, облыстық ПД бастығының орынбасары:

 - Сараптама жүргізушінің сау екендігін көрсетті. Бірақ шаршап келе жатып, қалғып кеткен. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-баптың 3-бөлімі бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Атап айтқанда, жүргізуші жылдамдықты асырып, көлікті басқара алмай жолдың жиегіне аударылған. Сондай-ақ көліктегі орын санынан жолаушылар көп болды.