Алматыда заңсыз есірткі зертханасы әшкереленді

Алматы полициясы астыртын есірткі зертханасын тапты.

Сол жерден «мефедрон» психотроптық заттары мен оны өндіруге қажетті шикізат тәркіледі. олардың жалпы салмағы 100 келі. Арнайы операция барысында синтетикалық есірткі өндірді деген күдікпен 32 жастағы ер адам ұсталды. Полицейлердің мәлімдеуінше, үй-жайды тінту кезінде сатуға дайын есірткі, химиялық реагенттер, шыны ыдыстар, пробиркалар, таразы мен электр пештері табылған. 

Дидар Аханов, Алматы қ. ПД басшысының орынбасары:

- Өзінің айтуынша, желідегі «жұмыс берушінің» нұсқаулығы бойынша жасаған. Куратор оны қажетті шикізатпен қамтамасыз етіп, зертхананалық жұмыстарды үйреткен. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелді. Қазіргі уақытта қылмыстық іске қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтау бойынша жедел іс-шаралар жүргізілуде.