Қарағандыда өрт шығып, 3 адам мерт болды
Қарағандыдағы 16 қабатты үйде өрт шықты. Бұл туралы төтенше жағдай қызметінің мамандары мәлімдеді. Қызыл жалын 30 шаршы метр аумақты шарпыған. Пәтерден 3 адамның мәйіті табылды. Тағы бір адам 8-ші қабаттан секіріп, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Қалған тұрғындар дін аман, қауіпсіз жерге жеткізілді. Оқиға орнынан Ардақ Асылханұлы баяндайды.
Оқиға кешкі сағат 9 жарым шамасында болған. Республика даңғылындағы 16 қабатты үйде өрт шығып, екі кеште жұрт азан-қазан болады.
Асанбек Көлжасов, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Дәлізге шықтым. Дәлізде кішкене түтін бар. Қарасам, көршілер шықты. Бәрі шықты. Сосын мен бір жерде өрт болып жатыр деп ойладым. Сосын біз түскенде, адамдар бәрі түсіп жатыр.
Әуелде газ баллоны жарылды деген болжам жасалған. Бірақ кейін ол ақпарат расталмады. Өрт шыққан пәтерде ешқандай жарылыстың белгісі жоқ, - дейді құтқарушылар.
Мұрат Қатпанов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
- Біздің өрт сөндірушілер оқиға орнында болған кезде газ жабдықтары, басқа ешқандай құрылғылар табылған жоқ. Сондықтан біздің зертханамыз бүкіл жұмысын қазір анықтайды. Не себеп болғанын көреді. Мүмкін жанар-жағар май төгілді ме? Оны тез білмейміз. Қазір бәрін анықтаймыз.
Қызыл жалын 30 шаршы метр аумақты шарпыған. Шамамен бір жарым сағатта сөндірілді. Пәтерден 3 адамның мәйіті табылады. 2 ер және 1 әйел адам. 44 жастағы тағы бір тұрғын 8-ші қабаттан құлап, түрлі дене жарақатын алған. ал қалғандары дін аман.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Қазір 127 пәтердегі тұрғындардың барлығы эвакуацияланды. Олардың біразы қонақ үйлер мен жатақханаларға орналастырылса, қалғаны туған-туыстарының үйіне кеткен. Олардың баспаналарына қашан оралатыны әзірге белгісіз.
Тұрғын үйде жылу бар. Тек қауіпсіздік үшін тоқ көзінен ажыратылған. Ал өрт сөндірген кезде судан 8 пәтер бүлініпті.
Рүстем Қожақапанов, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары:
- Жаңағы 8 пәтердің тұрғындары таңертеңге дейін жатақханада болады. Бұл жерде толық тексеріс жүргізілгеннен кейін олардың қайда орналасатынын кейін біз анықтайтын боламыз.
Қазір оқиға орнында тиісті мамандар жұмыс істеп жатыр. Ал жергілікті билік өкілдері тұрғындардың өз шаңарықтарына мейлінше тез оралуын қамтамасыз етеміз, - дейді.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.