Жетісу облысында нәрестенің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жетісу облысының Қытаймен шекаралас Жаркент өңірінде 6 жастағы бала үш айлық қарындасын пышақтады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағаттың айтуынша, бұл қайғылы жағдай көпбалалы отбасында болған. 5 баланың анасы өзге ұлдарын мектепке апарып, қайтып келгенде 6 жастағы баласы алдынан шығып, «мен қарындасымды пышақтап тастадым», - деген. Анасы «бұл қайғылы жағдайдың қызғаныштан, яғни, бар ықыласымыздың ұлдарға емес, отбасымызбен көптен күткен қызымызға ауып кетуінен болды», - деп түсіндірген. Қазір осы оқиғаға байланысты іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Меруерт Морякова, облыстық ПД ресми өкілі:
- Жаркент қаласында үш айлық нәрестеге пышақ жарақатын салу фактісі бойынша ҚР ҚК 99-бабы, үшінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, қажетті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істі облыстық полиция департаменті ерекше бақылауға алды. Өзге ақпарат қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес жарияланбайды.