Талдықорғанда жылдам тамақтану орталығынан өрт шықты

Ас дайындау бөлмесінен басталған от 50 шаршы метрді шарпыды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 3 оттегі және 1 газ балонды сыртқа шығарып, қызыл жалынды өшірді. Болжам бойынша өрт электр пешінен шыққан. Таңертең болған оқыс жағдайдан ешкім зардап шеккен жоқ.

Айта кетейік, сымдардың қысқа тұйықталуынан кеше де облыс орталығындағы пәтерлердің бірі отқа оранған болатын. Ол кезде қою түтінде қалған 7 адам қауіпсіз жерге шығарылып, автосатының көмегімен бесінші қабаттағы 3 тұрғын түсірілген еді.