Қазақстандандық құтқарушылар Түркияда акустикалық аспапты пайдаланады
Қазақстандық құтқарушылар Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде акустикалық аспапты пайдаланады. Арнайы жабдық үйінділердің астында тірі адамдарды анықтауға арналған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Заманауи құрылғы ақырын естілетін дыбыстарды, тыныс алуды, жүрек соғысын және кез келген басқа да шуды анықтайды. Мына кадрларда құтқарушылар үйінділердің астына терең қойылған акустикалық құрылғыдан шыққан дыбыстарды құлаққапен тыңдап жүр. Қираған үйдің астында қалған тірі жандар белгі берсе, бірден естиді. Еске салайық, Қазақстандық құтқарушылар Түркияның Газиантеп, Хатай және Нұрдағы елді мекендерінде жүр. Қазіргі ақпарат бойынша, үйінділердің астынан 4 адам шығарылып, 10 адамның сүйегі табылды. Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, құтқару жұмыстары күн-түн демей, екі аусым бойынша аса күрделі жағдайларда жүргізіліп жатыр.
Ибрагим Күлшімбаев, ҚР ТЖМ бірінші вице-министрі:
- ҚР құтқарушыларының тобы Түркия Республикасының 3 қаласында іздеу-құтқару операцияларын жалғастырып жатыр. Құтқарушылар тоқтамай, 2 ауысым бойынша жұмыс істеп жатыр, күндіз де, түнде де. Барлық керекті заттарымыз, құралдарымыз жетеді. Жергілікті әкімшілікпен осы жерден құтқару басқармасымен жұмысты ұйымдастырдық.