Елімізде есірткі бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды
Елімізде есірткі бизнесін ұйымдастырған 1 қылмыстық топ анықталып, оның 8 мүшесі жауапқа тартылды.
Олардан 85 келіден астам есірткі заты тәркіленген. Бұл жөнінде ішкі істер министрлігіне өткен брифинг барысында айтылды. Жалпы жыл басынан бері заңсыз айналымнан 755 келі есірткі заты тәркіленген. Тәртіп сақшыларының сөзінше, соңғы кезде бұл іске көбіне жастар баратын болған. Былтыр кәмелетке толмаған 25 жасөспірім есірткі тасымалдап, сатқаны үшін ұсталыпты. «Сондықтан, ата-аналар өз балаларының кіммен араласып, немен айналысып жүргенін үнемі бақылаулары қажет» - дейді, полицейлер. Өйткені, есірткі тасымалы мен оны сақтауға қатысты жаза ауыр. Құқықбұзушы 3 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Данияр Орал, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының жедел уәкілі:
- Синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу бойынша тұрақты негізде іс-шаралар өткізіледі. Жыл басынан бері 7 нарколаборатория жойылып, пайдалануға дайын 90 кг астам есірткі және 1,5 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді. Есірткі диллерлері OLX, HeadHunter сияқты жарнама сайттарында жастарды «бай боласың» деп есірткі жасыру жұмысына баурап алады. «Аз уақытта ақшаға көмілесің», «кез-келген уақытта бұл бизнестен шыға аласың» деп желпіндіреді. Балалықпен, білместіктен мұндай қадамға барды деп ақтауға болатын шығар, бірақ заң – барлығына ортақ. Қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады.