Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды
Бүгін Жетісу облыстық сотының судьясы Үмбетай Әбділла осындай үкім шығарды.
Айта кетейік, Алматы облыстық ПД бұрынғы бастығына қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 370-бабы, 4-бөлігінің бірінші тармағы, яғни «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» бойынша іс қозғалған еді. Яғни қаңтар оқиғасы кезінде ПД мекемесін тастап кеткен делінген еді. Алғашқы сот отырысы 16 наурызда өтті. Содан соң үш рет кейінге шегерілді. Сот күдіктіні бүгінгі отырысқа мәжбүрлі түрде алып келуді міндеттеген еді. Алайда Серік Күдебаевтың Қырғыз Республикасына одан әрі Түркияға ұшып кеткені белгілі болды. Осыған байланысты қылмыстық іс уақытша тоқтатылды.
Әбділла Үмбетай, Жетісу облыстық сотының судьясы:
- Серік Күдебаевқа қатысты халықаралық іздеу жарияланғанына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексі 146-бабы, 2-бөлігінің, 1,3,4-тармағы, 362-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс тоқтатылсын. Қылмыстық іс сотталушының іздеу жұмыстарын қадағалау үшін облыстық прокурорға қайтарылсын!