Жамбыл облысында жойқын желден 6 ауыл жарықсыз қалды
Жамбыл облысы Қордай ауданында жойқын желден 6 ауыл жарықсыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тағы 2 елді мекен газ желісіне қосыла алмай отыр. Жағдайға байланысты аудан билігі техногенді сипаттағы төтенше жағдай жариялауға ұсыным берген. 3 күн бойы тоқтаусыз тұрған желдің жылдамдығы секундына 30 метрге жетті. Салдарынан 3 мектеп пен 1 балабақшаның шатыры ұшты. Десе де мектептерде сабақ тоқтаған жоқ. Алдын ала есеп бойынша шығын көлемі 100 млн теңгеге жуықтаған. Жойқын жел бүгін басылды. Қазір қираған нысандарды қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Аудан билігі жарылған газ құбырлары мен үзілген жарық желілерін тез арада жалғау үшін жұмыс күшін көбейткен.