Қостанайда футбол қақпасы жасөспірімнің үстіне құлады
Қостанайда футбол қақпасы құлап, 16 жастағы жасөспірімді басып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл оқиға қаладағы ашық спорт алаңдарының бірінде болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, футбол алаңы бертінде 2020 жылы салынған. Сол кезде қақпаны бекітпепті. Салмағы ауыр темір қақпа астында қалған жеткеншіктің ағзасы қатты зақымданып, он екі елі ішегі үзілген. Осындай диагнозбен ол облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Дәрігелер оған шұғыл операция жасады.
Игорь Белобржицкий, облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімінің басшысы:
- Ол бірден жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Содан кейін беті бері қарай бастады. Қазір аппараттан ағытылды. Бала есін жиып, тілге келді. Өзі еркін тыныс алады. Сондықтан жағдайы қалыпты деуге толық негіз бар.