Қарағанды облысында оттегі тапшылығынан балық қырылды

Қарағанды облысындағы Жартас көлін тексеру кезінде балықтардың оттегі тапшылығынан қырылғаны анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері растап отыр. Мамандар аталған көлде 30 келіге жуық балықтың өлексесі табылғанын айтады. Инспекция өкілдері көлемі 500 гектарға жуық көлде биыл су ерекше тартылған деп отыр. Ал қысқы мерзімде онда бұрғылау жұмыстары жүргізілмеген болуы мүмкін.

Еске салсақ, кеше әлеуметтік желіде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы маңындағы Жартас көлінде балықтардың жаппай қырылғаны жайлы бейнежазба тараған болатын. Аталған көлді көптен бері жергілікті кәсіпкер пайдаға жаратып отырған көрінеді.

Бекзат Мақажанов, Балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары:

- Жыл сайын табиғат пайдаланушы қыс уақытында су айдынындағы мұзды бұрғылау жүргізу керек еді. Оттегімен толтыру үшін. Біздің болжам бойынша, балықтың қырылуына қарсы алдын-ала шаралар дұрыс жүргізілмеген. Оттегі жетіспеуінен сол балықтар қырылып қалды. Жылына 3 рет келісімшарт талабын бұзса, біз келісімшартты бұзу мәселесін қарастырамыз.