Абай облысына өзге өңірлерден көмек келіп жатыр
Абай облысындағы алапат өртті сөндіруге елдің бірнеше аймағынан қосымша күш келіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы, Жетісу және Қызылорда облыстарының құтқару жасақтарын жұмылдырды.
Облыс орталығында 5 автоцистернадан құралған колонна құрылды. Сондай-ақ Астана, Қызылорда, Боралдай мен Көкшетаудан Ми-8, Еурокоптер тікұшақтары келе жатыр.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Абай облысының теріскейіндегі қалың орман отқа оранды. Семей қаласында және Бородулиха ауданында төтенше жағдай жарияланды. Қазір 3 адам опат болғаны белгілі. Ал тағы 11 адам ұшты-күйлі жоқ.
Президент Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге оқиға орнына жедел баруды тапсырды. Облыста өртпен күрес жүріп жатыр.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:
- Қазіргі уақытта орында жаңбыр жауды. Өртпен күрес жұмыстары жалғасып жатыр. Күндіз 6 ұшақ өрт сөндіруге жұмылдырылса, енді тағы техника келіп жатыр. Қосымша ертең де тағы 2 тікұшақ келетін болады. Одан басқа 30-ға жуық өрт сөндіруші машиналар келіп отыр. Облыста орман өртіне байланысты қалыптасқан жағдай біздің тұрақты бақылауымызда.
Өрт сөндіруге 700-ден астам адам, 200-ге жуық техника мен 9 тікұшақ жұмылдырылды. Успен, Поднебесное, Барышевка ауылдарына қауіп төнгендіктен, 320 адам эвакуацияланды. Аудан орталығына төнген қауіп жоқ. Десе де халық түтіннен үрейленіп отыр.
Ернар Жәлелов, Абай облысы ТЖД бастығы:
- Абай облысындағы өртті сөндіру жалғасып жатыр. Жеке құрам күні-түні жұмыс атқарып жатыр. Бүгінгі күнде 3 ауылға өрт қаупі бар. Тұрғындар өз еркімен эвакуацияланған.
Рыскүл Атаева, Бородулиха ауылының тұрғыны:
- Бородулихадан, ана жақтан түтін енді қорқынышты. Мен – осы ауылдың тұрғынымын. 40 жыл тұрамын. 40 жылда мынандай өртті мен көргем жоқ. Халықтың бәрі, таксистер отырып, адамдарды алып шықты. Жаңбыр болып, қауіп сейіліп, бәрі жақсы болса екен. Уайымдап отырмыз.
Облысқа өзге өңірлерден көмек келіп жатыр. Астана қаласынан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан құтқарушылар барды. Бұл қатарды Алматы, Жетісу, Қызылорда облыстарының өкілдері толықтыруы тиіс. Семей қаласында қосымша колонна дайын тұр. Сондай-ақ Астана, Боралдай, Қызылорда мен Көкшетаудан тікұшақ келеді.