Абай облысындағы алапат өрттің лапылдап жатқанына бесінші күн
Әуелде 3 гектардан басталған тілсіз жау санаулы күн ішінде 60 мың гектар алқапқа жайылды.
Қызыл жалын әлі де дес бермей жатыр. Ел тарихындағы ең ауқымды өртпен күреске бүкіл ел алаңдап отыр.
Екі аптаның ішінде Семей орманы резерватында екі бірдей өрт шықты. Алғашқысы 3500 гектарға жетіп тоқтады. Соңғысының арыны қиын. 8 маусымда Батпаев орманшылығында басталып, әлі тарап келеді. Камышенка, Каштак, Успенская орманшылықтарына өтті. Темірлан Көпбаев орман іргесіндегі Поднебесный ауылына от тимесін деп жанталасқандардың бірі. Жалынның сағаттап өршігенін көзімен көрді.
Көпбаев Темірлан, өрт сөндіруші:
- Жел соғады да қайта лаулап жанады. Қарап тұрсаңыз бірден өте шығады жаныңыздан болды. Қалып қаласыз орман ішінде.
Әп дегенде 30 адам жұмылдырылса қазір бұл көрсеткіш 50 есе артты. Екпінді жел, аптап ыстық, құм басқан жол. Осының бәрі отты үдете түсті.
Нұрболат Дербісов:
- Бірінші кезде өрттің пайда болуы күн бұлт болып, найзағай тұрған болатын, сол найзағай себебінен өрт оқиғасы орын алған.
Қарағайлы орман түбіндегі ауылдан маза қашты. Үш үй жанып кетті. Ержан Нұркәрімовтың баспанасынан қалғаны осы. Өзі ол сәтте үйде болмапты. Әкесі қараша үйдің жанғанын төбе басына шығып қарап қана тұрған.
Ержан Нұркәрімов, Барышевка ауылының тұрғыны:
- Үйім, құжаттарым жанып кетті. Дүние мүліктің бәрі жанды. Киім кешек жанды, қояндар жанды, тауық жанды. Бар үлгергеніміз үлкен қара бас малды шығарып, және техника алып үлгердік болды.
Каштак, Барышевка Успенка сынды бірнеше ауылға қауіп төнді. Сондықтан ондағы ел Семей мен Бородулиха ауылында ашылған эвакуциялық пунктке жеткізілді. Алексей Белов орман шаруашылығында тракторшы. Көлігімен от ортасында қалып қойған. Бастапқыда жерлестері оны мерт болдыға санапты. Бірақ, көрер жарығы бар екен.
Алексей Белов, Успенское ауылының тұрғыны:
- Мен от ортасында қалып қойдым. Ондайды бұрын соңды көрген жоқпын. Бет қаратпайды. Тракторды тастап қашпақ та болдым. Ақыры техниканы да алып шықтым, өзім де аман құтылдым.
Өкінішке орай қызыл жалынан бәрі құтыла алмады. Өрт басталған күні 14 орманшыдан хабар үзілді. Алдымен үшеуінің денесі табылды. Қалғаны аман болар деген үміт бар еді. Ақталмады. Бәрі бақилық болды. Біреудің ағасы, біреудің әкесі, біреудің анасы. Тіпті әкелі-балалы азаматтар да көз жұмды.
Евгения Кузьмина, марқұмдардың туысы:
- Қайтыс болғандар арасында менің ағам мен оның баласы бар. Ағам енді ғана зейнетке шығып еді. Бауырым қыршыннан қиылды. Ішім удай ашып, көңілім құлазып тұр.
Қаза қалың қазақтың белін қайыстырды. Президент бүгін жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады. Кеудесін отқа төсеген азаматтардың ерлігі көптің жүрегін елжіретті. Көңілін босатты. Профессор Зейнолла Тоқаев суыт хабардан әлі ес жимапты. Қапыда кеткен ұл-қыз бар құрметке лайық дейді.
Зейнолла Тоқаев, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор:
- Қанша бала жылап қалды, әкесі мен балалар кетіп жатыр. Ол нағыз отанға сүйіспеншілігі, ел үшін деп қам жеп, әне жерде өзім кетсем де елім қалсын деп, өте ауыр нәрсе. Бұлардың есімі алтын әріптермен жазылу керек.
Солай болды да. Президент жарлығымен марқұмдардың барлығы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Осы күндері қарайған ел мен қарағайлы орманды аман алып қалу құтқарушыға да орманшыға үлкен сын болды. Сол үшін жанталасқан адамдар жанкештілікке де барды. 14 орманшының өз қызметінде опат болуы, осыны көрсетсе керек. Бас иіуге тұрарлық ерлік.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов