Павлодарда үш адам тоққа түсіп қалды
Оқиға Усолка шағын ауданында болған.
Зардап шеккендер ағаш кесу жұмыстарымен айналысып жатқанда жүк көтергіш манипулятор электр желілеріне тиіп кеткен. Қалалық ауруханаға жеткізілген үш адамның екеуі қазір жансақтау бөлімшесінде жатыр.
Оқыс оқиға таңертеңгі уақытта болды. Апаттар медицинасы орталығының мамандары мен құтқарушылар шұғыл түрде көмекке келді. Өндірістік жарақат алған үш адамға тиісті медициналық көмектер көрсетіліп жатыр.
Марат Қанжығалин, №1 қалалық аурухананың күйік бөлімшесінің меңгерушісі:
- Науқастар жансақтау бөлімшесінің қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Біреуінің денесін - 40, екіншісін -30 процент күйік шалған. Одан бөлек денелерін тоқ соққанда пайда болған ұсақ жарақаттар бар. Үшеуі де естерін жиды. Нейрохирург, невролог және терапевт келіп тексерді. Жағдайлары тұрақты
Тоққа түскен «Аяулы Алақан» қоғамдық бірлестігінің штаттық жұмысшылары. Жастары жиырмадан сәл асқан бозбалалар қала көшелеріндегі ағаштарды сәндеп кесумен айналысқан.
Бағдат Жанғұлова, қалалық ТҮКШ бөлімі сектор меңгерушісінің м.а:
- Жасыл желекті қалыптау жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Бірақ ешқашан осындай жағдайлар тіркелген емес.Тіпті осы мердігер фирманың ағаштарды кесумен айналысқанына бірнеше жыл болды. Алғаш рет туындаған келеңсіз жәйт бұл. Қазіргі уақытта жұмысшылар есін жиды. Бірақ олар электр сымдарына тимедік дейді және қауіпсіздік шараларының толық сақталғанын алға тартады.
Болжам бойынша оқыс жағдай электр доғасының пайда болуынан туындауы ықтимал, дейді мамандар. Жалпы, жыл басынан бері Павлодар облысындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда 44 жазатайым оқиға тіркелген. Елуге тарта жұмысшы зардап шегіп, екі адам көз жұмған.
Асқар Қапанов, облыстық еңбек басқармасының басшысы:
- Өткен жылмен салыстырғанда бір жазатайым оқиға артық тіркелді. Бұл бізде топтық жағдайға қатысты орын алды. Өздеріңіз білесіздер Баянауыл ауданында көлік апатқа ұшырап, жүргізуші қаза тапқан еді.
«Жұмыс барысында жарақат алу көп жағдайда еңбек қауіпсіздігі шарттарының орындалмауынан болады», - дейді мамандар. Ал соңғы оқиғаның нақты себептері тексеру қорЫтындысы шыққаннан кейін белгілі болады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат