Елордада 4 адам суға кеткен
Қырық күн шілденің қызығы мен шыжығы қатар жүреді.
Шомылу маусымы басталғалы елордада 3 адам құтқарылды. Ал осындай қауіпті аумақққа барып, суға түскен 4 адамды аман алып қалу мүмкін болмады. Оның біреуі – бала.
Қазір құтқарушылар да көл жағалап, жұртты сақтыққа шақырып жүр. Астана бойынша күніге 40 құтқарушы рейдке шығады.
Шешінген судан тайынбас. Көпшілік өзен бойында кісі қарасы аз әрі тегін аумақтарды таңдайды. Өкініштісі, «тыйым салынған жер», «шомылуға болмайды» деген белгіге мән беріп жатқан ешкім жоқ. Кейде соның арты қайғылы жағдайға әкеледі.
Азамат Құсайынов, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы:
- Дүйсенбі күні орын алды. Нұра ауданында таңғы сағат алтыда 5 бала ата-анасынан сұранып, балық аулауға шығып кеткен. Содан сағат онның кезінде бізге хабарлама келді. Қала сыртында бала суға батып жатыр деген. Біздің құтқарушылар сол жаққа барды. Бір баланың батқанын көрді. 5 баланың екеуі шомылмаған, үшеуі шомылған.
Суға түспес бұрын көлеңкеде 5-10 минут дене қызуын басу керек. 20 минуттан артық жүзуге болмайды. Денеңіз қатты салқындаған кезде құрысып қалуы мүмкін. Тыныс алу жолдары тарылып, жүрек қағысы жиілейді. Қол-аяғын қозғалта алмай, есін жоғалтып алу қаупі басым. Сондықтан мамандар таңғы немесе кешкі уақытта шомылған жақсы дейді.
Ал Ақмола облысында 8 адам суға кетті. Оның үшеуі – бала. Қайғылы оқиғалардың барлығы дерлік суға түсуге болмайтын аумақтарда болған. Бүгінде өңірдегі 17 су айдыны қауіпті саналады. Бірақ оған қарап жатқандар сирек. Мас күйде суға түсіп, қауіпсіздік шараларын сақтамайтындар аз емес. Мәселен, 500 адам мас күйде суға түскені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Диас Әмірханов, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басқарма бастығының міндетін атқарушы:
- Шомылу маусымы басталғалы 105 су айдыны тексерілді. Соның 88-і суға түсуге жарамды болса, 17-і қауіпті деп таңылды. Сондай-ақ 213 қоғамдық құтқарушы оқудан өтті. Судағы қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында 2 мың ерікті жұмылдырылған.
Былтыр Астанада 6 адамның ажалы судан келді. Оның 5-еуі – бала. Бұл шомылуға барған адамадардың кішкентайларды бір сәтте көзден таса қылмау керектігін аңғартады. Суды терең бойлап, шама шарқына қарамайтындар да бар. Алысқа жүзудің де қажеті жоқ, - дейді мамандар.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мейрам Жүнісов.