Қарағандыдағы 12 баланың улануы: біреуі көз жұмды, алтауы жансақтау бөлімінде
Қарағандыдағы балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бір бала уланып, көз жұмды.
Тағы алтауы жансақтау бөлімінде жатыр. Ауруханаға іші өтіп, құсқан 12 бала әкелінген. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы аса ауыр. Барлығы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Науқастардың жас мөлшері 10-15 жас аралығында.
Балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мемлекеттік болып есептеледі. Ондағы балалардың көбі – мүмкіндігі шектеулі және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар. Бұл жағдайды прокурорлар тексеруге алып, қылмыстық іс қозғады. Ал орталық басшысының міндетін атқарушы жұмыстан шығарылды.
Ержан Жүнісов, облыстық клиникалық аурухананың инфекциялық орталық жетекшісі:
- Барлық науқасқа шұғыл қажетті емдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Республикалық және облыстық токсиколог және пульмонолог мамандармен ем-шара барысы талқыланды. Барлық биологиялық сынама алынды. Балалар ерекше бақылауда.