Таразда мектептен өрт шықты
Таразда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мектептен өрт шығып, 2 құрылысшы жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар жалынның құрсауында қалғандықтан, амалсыз жоғары қабаттан секіріп кеткен. Қазір мердігерге қатысты қылмыстық іс басталды. Ал оқу ордасы жабық тұр.
Тараздықтарды шошытқан жағдай 17 қыркүйекте №44 орта мектепте болды. Мұндағы күрделі жөндеу жұмысы 6 қазанда аяқталуы тиіс. Жұмыс кестесінен кешікпеу үшін мердігер компания екі ауысымда жұмыс істеген. Оқыс оқиға сол түнгі кезекте ішкі жұмыстар жүргізіліп жатқан кезде болған.
Мерей Бает, тілші:
- Қызыл жалын мектептегі мына 3 қабаттағы физика кабинетінде бояу банкасы ашылған кезде лап ете қалған. Өрттің өршігені соншалықты құрылысшылардың есікке қарай өтуіне мүмкіндік болмапты. Сондықтан олар терезе тұсын тасалаған. Бірақ бет қаратпайтын жалыннан соң құрылысшылардың екеуіне 12 метрлік биіктіктен секіруіне тур келіпті.
Тілсіз жаудан 7 адам ауруханаға түсті. 21 және 22 жастағы қыз балалары жансақтау бөлімінде болса, тағы 2 құрылысшы түтінге уланған. Қалғандары жеңіл жарақатпен алғашқы көмекке жүгінді. Ал зардап шеккен құрылысшылардың туыстары уақытылы медициналық көмек көрсетілмеді деп алаңдауды.
Салима Нарымбетова, науқастың анасы:
- Менің талабым, тезірек жазылып шықса, ертерек операциясын жасаса. Міне, бүгін 3-ші күн болды ғой, біз әлі жүрміз осы жерде.
Ал ақхалаттылар жансақтау бөлімінде жатқан науқастардың жарақаты тым ауыр дейді. Сондықтан ота жасау үшін Ұлттық ғылыми травматология орталығынан әріптестерінің келуін күтіп отыр.
Сәкен Жұмашев, Тараз қалалық №1 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Қабырғалары сынған, омыртқалары сынған және бір аяғы сынған. Сондықтан қазір оны жылжытып, Астанаға ұшаққа салып жіберуге болмайды. Сондықтан сол жақтың мамандары келіп, осында операция жасамақшы.
Төтенше жағдайға байланысты техникалық қауіпсіздікті сақтамаған құрылыс компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал жергілікті билік жұмысшыларға барлық көмек көрсетіледі деп сендірді.
Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:
- Оңалту қажет болса, басқа да көмектер қажет болса, мердігер өз тарапынан сол мәселелердің барлығын шешуге дайын екенін маған айтты. Мердігер жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Зардап шеккен азаматтарға толық көмек көрсетуге дайын. Ал оның жауапкершілігі ол қылмыстық істің көлемінде қаралады.
Қыркүйекте ашылып үлгермеген орта мектептің күрделі жөндеуіне 231 млн теңге бөлінді. Әкімдік оқу ордасындағы құрылыс жұмыстары келер айда аяқталады дейді. Қазір мұндағы 1000-нан аса оқушы қаладағы 3 мектепке тасымалданып оқып жатыр.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан.