Солтүстікте төрт ауылдың малынан бруцеллез анықталды
Тұғыржап, Үлгілі, Ленинское және Плоское ауылдарында малдан бруцеллез шықты.
Бұл Солтүстік Қазақстан облысына қарасты елді мекендер. Қазір төрт ауылда да шектеу енгізілді. Мал союға, ет және сүт өнімдерін сатуға қатаң тыйым салынды. Ветеринарлар облыс бойынша үй жануарларын тексеруге кірісті. Жұқпалы ауру тарап кетпеуі үшін, 20 күн сайын малдан сынама алынады. Жалпы аймақта санитарлық сойысқа түскен түлік үшін 22,6 миллион теңге өтемақы төленген. Яғни жыл басынан бері 223 ірі қарадан осы ауру анықталған.
Аманжол Нұртазин, облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы:
- Соңғы дерек қарашаның он үші күні тіркелді. Шаруа қожалығында бес ірі қарадан бруцеллез анықталды. Қазіргі уақытта ол ауылда шектеу шаралары енгізілді. Ауру мал бірден сою алаңына жіберілді. Оны қолдануға болмайды. Ол өңделеді.