Петропавлда бір үйдің үш адамын өлтіріп кеткен
Петропавлда бүтін бір отбасы мүшелерінің мүрдесі табылды. Жантүршігерлік жағдай кеше қала шетіндегі жер үйлердің бірінде болған.
Кісі қолынан қаза тапқандар – ерлі-зайыпты мен олардың 17 жастағы ұлы болып шықты.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері зорлық-зомбылық белгілерін анықтаған. Жедел-әрекет ету шараларының арқасында екі күдікті ізі суымай ұсталды. Қазір оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетейік, айуандықпен өлтірілген ер адам қалада жерлеу рәсімімен айналысқан кәсіпкер болған.
Азат Құсайынов, облыстық пд тергеу басқармасы бастығының орынбасары:
- Күдіктілер Петропавл қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерделеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Іс СҚО прокуратурасы мен ПД бақылауында.