Майқайыңда іздеу жұмыстары жалғасып жатыр
«Майқайыңалтын» кен байыту фабрикасының аумағында өткелді тереңдету жұмыстары әлі жүріп жатыр.
Барлығы 37 мың текше метрден астам топырақ пен тау жыныстары шығарылды.
Кеше геосканердің көмегімен 5 метр тереңдіктен жер астындағы автобустың ықтимал орналасуы анықталған еді. Бүгін топырақты қайта сканерлеу жүргізіліп, іздеу-құтқару жұмыстарына түзетулер енгізілді.
Бұл іске барлығы 139 адам, 47 техника жұмылдырылған. Жазатайым оқиғаның себептерін анықтау мақсатында комиссия құрылды. Тергеу жұмысын жан-жақты ұйымдастыру және оқыс оқиғаның себептерін анықтау үшін төрт сараптама ұйымының өкілдері тартылған.
Естеріңізге сала кетсек, осыдан төрт күн бұрын «Майқайыңалтын» кенішінің маңында жер опырылып, тереңдігі 150 метр алып шұңқырға құтқарушылар отырған автобус құлап кеткен еді. Автобуста барлығы 4 адам болған. Екеуінің денесі табылды. Қалғаны іздестіріліп жатыр. Өкінішке қарай, әзірге нәтиже жоқ