Ұлытау облысында 8 автокөлік соқтығысты
Ұлытауда түс ауа табиғат тосын мінез танытып, ақтүтек боран күшіне мінді, деп хабарлайды 24KZ.
Желдің екпіні секундына 25 метрге жетті. Облыс орталығы мен Сәтбаев қаласында және Ұлытау ауданында түскі ауысымдағы оқушылар онлайн форматқа көшірілді. Ат құлағы көрінбейтін боран салдарынан бірнеше көлік соқтығысқан ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Табиғаттың тосын мінез танытатыны күні бұрын ескертілген болатын. Бірақ күн бұлай бірден бұзылады деп ешкім күтпеді. Жезқазған мен Сәтбаев арасын жалғайтын мына жолдың бойында 8 автокөлік соқтығысқан ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның біреуі – қоғамдық көлік. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.
Дархан Алюбаев, облыстық ПД рота патрульдік полициясының командирі:
- Қолынан жеңіл жарақат алған «Нива» автокөлігінің жүргізушісі жедел жәрдем қызметіне жүгінді. Автобустағы жолаушылар күн райының бірден бұзылғанын айтады.
Осыдан кейін облыстық төтенше жағдайлар басқармасында жедел штаб құрылып, бірнеше бағыт бойынша көліктің барлық түріне жолдар жабылды.
Әлібек Әбілов, ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы:
- Қазіргі уақытта желдің ықпалдылығы 18-23 метр секундына оңтүстік-батыстан соғып тұр. Облыс тұрғындарынан ауа райының қолайсыздығына байланысты үйден шықпауларын сұраймыз. Штаб 24 сағат жұмыс істейді. 112 және 101 телефондары арқылы байланысқа шығуға болады.
Әзірге жолда қалған немесе боранда адасып кеткендер туралы ешқандай ақпар тіркелген жоқ. Дегенмен боран басылғанша Жезқазған-Есіл-Петропавл тасжолының Қостанай облысының шекарасына дейінгі бөлігі жабық болады. Ал мектептерде күндізгі ауысым оқушылары онлайн форматта оқып жатыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов.