БҚО-да 5 күнде жол апатынан 12 адам қаза тапты
Ауа райының қолайсыздығынан Батыс Қазақстан облысында жол апаты жиілеп кетті, деп хабарлайды 24KZ.
Соңғы 5 күнде ғана өңірде 12 адам қаза тапқан. Полиция департаменті бұған күрежолдардың уақытылы тазаланбауы десе, жауапты мекемелер жолдарды күтіп-ұстауға қаржы қажетті мөлшерден 5 есе аз бөлінетінін айтады.
Биыл өңірге қыс кешігіп келді. Тек 4 қаңтарда ғана қар жауып, аяз түсті. Алайда содан бері қара жолдағы қаралы статистика күн санап артып жатыр. 5 қаңтар күні Орал қаласына іргелес Ветелки аулында жол апатынан бір адам мерт болды. 6 қаңтар күні айналма жолда 3 көліктің соқтығысуынан бір адам қаза тапса, сол күні «Казталов-Жәнібек» автожолында бір адам мерт болды. Сырым ауданында бір адамды көлік қағып, мерт қылған. Ал 7 қаңтар күні Орал-Атырау жолының 62-інші шақырымында екі көліктің бетпе-бет соқтығысуынан 3 адам көз жұмса, күні кеше кешкісін Чапаев-Жаңақала жолында 5 жолаушы жан тапсырды. Бірі оң рөлді көлік, екіншісі арнайы қысқы дөңгелек салмаған. «Әрине, басты кінә жолдың қарсы бетіне шыққан жүргізушіде, бірақ жолдардың уақытылы тазаланбауын да жоққа шығармаймыз», - дейді мамандар.
Жанболат Жаншин, БҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары:
- Өзім шықтым екеуінде де. Тайғақтық бар. Бірақ та сеппеген ешқандай ингредиенттерді. Жолдың жиектері тазаланбаған. Біз барған кезде кешкі 7-лердің шамасында автогрейдер жаңа тазалап жатыр да. Ол мына Орал автожолында да солай болды. Сол жерде жаңа ғана «ҚазАвтоЖол» көлігі келіп, құм шашып кеткен. Олар жол-көлік оқиғасы болғаннан кейін барып, өз жұмыстарын істейді.
Күні бүгін полиция департаменті жолдарды күтіп-ұстаудағы кемшіліктер бойынша 12 лауазым иесіне әкімшілік хаттама толтырған. Соның бірі «ҚазАвтоЖол» филиал басшысына жолданған. Облыстық автожолдар басқармасына да нұсқаманы уақытылы орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалыпты. «Тіпті Чапаев-Жаңақала жолында мердігер де жоқ», - дейді тәртіп сақшылары. Бірақ бұл сөзді басқарма басшылығы жоққа шығарады.
Бауыржан Айтмағамбетов, БҚО автокөлік жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы:
- Чапаев-Жаңақала жолына келетін болсақ, ол жерде арнайы жол мекемесімен келісім жасалды. Жылдың басынан бастап құм себу жұмыстары, жолдарды тазалау жұмыстары түгелдей атқарылып келді. Ішкі істер органдарының берген ескертуі мердігерлерге жолданып, уақытылы жойылып отырады.
Дегенмен мамандар жолдарды күтіп-ұстауға жеткілікті қаржы бөлінбейтінін мойындайды. Егер норматив бойынша облыстық маңыздағы 1620 шақырымға жылына 5 миллиард теңге керек болса, бөлінетіні – бар болғаны 900 млн. Яғни, бес есе аз. «ҚазАвтоЖол» да солай. Зардабын қарапайым жүргізушілер тартып отыр. Жаңақалалық Әміржан Сұңғатов апат болған жолмен кеше өтіпті.
Әміржан Сұңғатов, Жаңақала ауданының тұрғыны:
- Жол тазаланған жоқ. Сол кезде болған нәрсе, бұрқырап қар. Қорқамыз ғой жолда жүргесін. Кісілерді алып келе жатасың, соны ойлап отырасың ғой. Жолдың таза болғаны жақсы ғой. Уақытында тазалап тұрғаны.
Эдуард Таңатаров, Жаңақала ауданының тұрғыны:
- Жол деген қар. Бұрқырап, ештеңе көрсетпейді. Соның кесірінен апат салдары туындап жатыр. Айтылып жатыр. Бірақ ешкім қолдап жатқан жоқ.
Жол-көлік оқиғасы жиі кездесетін Орал-Атырау жолын кеңейту жайы да шешімін таппай келеді. Күрежолды екі жолақтан 4 жолаққа айналдыру ісі биыл басталуы жоспарланып еді. Тағы да кейінге шегеріліпті. Әу баста 3500 көлікке арналған жолмен бүгінде тәулігіне 8,5 мың көлік жүреді.
Мирлан Насипов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары:
- Орал-Атырау жолын 1-ші техникалық санатқа аудару жөнінде жоба-сметалық құжаттамасы 2024-ке дейін жасалуы керек еді. Бірақ жолды салу мерзімі кейінге қалғасын, құжаттары да кейінге ысырылды. Салалық министрліктің нұсқауы бойынша. Қазір бұл жол 3-ші техникалық санатта.
Өте тар, көлік көп. Сол себепті апаттар болып жатыр. Өткен жылы өңірде 445 жол апатынан 107 адам қаза тапса, тек соңғы 5 күнде 12 жолаушы көлік оқиғасынан көз жұмған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.