Абай облысында тағы 35 адам эвакуацияланды
Абай облысында жолда қалған тағы 35 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланды.
Төтенше жағдайлар департаменті оларды қарлы құрсаудан құтқару үшін ауыр техниканың көмегіне жүгінді. Қазіргі уақытта 200 жуық адам, оның ішінде 9 бала Қалбатау ауылына жеткізілді. Абырой болғанда, ешқайсысына медициналық көмек қажет болмады. Бұған дейін Байбура аcуында қалған жолаушылар тікұшақпен Жарма ауданына жеткізілгенін хабарлаған едік. Құтқарушылар 29 әйел мен баланы МИ-8 тікұшағымен Қалбатау ауылына эвакуациялады. Мұнда жол бойындағы дәмхананың бірінен жылыту бекеті ашылды. Қорғаныс министрлігінің тікұшағымен тағы 12 адам жеткізілді. Араларында суықтан үсіп, зардап шеккендер бар. Оларға көмек көрсетіліп жатыр. Қақаған аяз, қалың қар мен боран салдарынан Қалбатау-Майқапшағай учаскесінде де күрделі жағдай қалыптасқан. Республикалық және облыстық штаб құрылып, жедел желі іске қосылды.
Алмас Аринов, облыстық ТЖД "ӨС және АҚЖҚ" РММ Бастығы орынбасарының міндетін атқарушы