Маңғыстау облысында фастфудтан 37 адам уланды

Маңғыстау облысында фастфуд жеген 27 адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды 24KZ.

Оқыс оқиға Бейнеу ауданында болды. Қоғамдық тамақтану орнында сол мезет 37 ауыл тұрғыны ас ішкен. Суши мен пиццадан дәм татқандар көп ұзамай өзін жайсыз сезіне бастапты. Дәрігерлер денсаулығын қараған соң 10 адамды үйіне жіберді. Қалғаны емделіп жатыр. Кейбірінің жағдайы орташа ауыр. Тамақтан уланғандар арасында екі жүкті әйел мен сегіз бала бар. Фастфуд әзірленетін дәмхана уақытша жабылып, жеке кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бердібек Саралтаев, Облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Жоспардан тыс тексеру тағайындап жатырмыз. Ол енді арнайы құқықтық статистика прокуратурасына тіркеледі. Ол тексеру бүгін ашылуы керек. Бейнеудің басында жұмыс жасап тұрған обьект. Тамақты тек тапсырыспен апаратын қоғамдық орын деп айтылып жатыр. Одан бөлек, қоғамдық тамақтану орны да бар екен. Бейнеу ауданында бұрындары қоғамдық орында жаппай улану тіркелген жоқ.