Бескөл станциясында су басқан аула саны көбейді

Жетісу облысының Бескөл станциясында су басқан аулалар саны 19-ға жетті.

Егістік алқаптарынан келген қар суы, каналға сыймай елді мекен ішіне жайылған. Кеше түннен бері оқиға орнында Алакөл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Олар жергілікті әкімдік мамандарымен бірлесе арық-атыздарды тазалап, 4 ауладағы лай суды сорғызып жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, кейінгі екі күнде аймақтағы бірқатар елді мекенге су кірген. Нақтырақ айтатын болсақ, Кербұлақ ауданындағы Қайнарлы және Алакөл ауданындағы Көктұма, Ақтүбек, Қабанбай ауылындағы бірнеше ауланы су басқан.

Ринат Тазабеков, Жетісу облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Облыс бойынша 31 елді мекен бары анықталған. Қабылданған шаралар нәтижесінде 22-сінде қауіп төмендетілген. Қалған 9 елді мекенде тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол жерде жағдай тұрақты.  Ескелді ауданының Абай және Ешкіөлмес ауылдарында тиісті жұмыстар басталып жүргізіліп жатыр. Жалпы жағдай тұрақты.