Бейнеуде газ жарылып, бір адам көз жұмды

Маңғыстау облысында жер үйде газбен жылыту қазандығы жарылып, бір адам қаза тапты.

Оқыс оқиға бүгін таңғы сағат 4 шамасында Бейнеу ауылында болды. Күшті жарылыстан бес бөлмелі үйдің күл-талқаны шыққан. Құтқарушылар 42 жастағы әйелдің мәйітін үйінді астынан тапты. 

Үй иелері қолдан жасалған газ пешін қолданғаны анықталды. Бұған дейін жылыту қазандығын тексерген мамандар ескерту де жасаған.

- Қайғылы оқиғаға нақты не себеп болғаны тексеріс қорытындысынан соң жарияланады, - дейді төтенше жағдай қызметкерлері.

Ақан Нұрдәулет, облыстық ТЖД аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы:

- ҚР қылмыстық Кодексінің 292-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған дерек негізінде тиісті сот-сараптамалары тағайындалуда. Болжамды ойымыз бойынша, табиғи газдың ағуы нәтижесінде газды-ауа қоспасы жарылды деген себеп бар. Профилактикалық жадынамалар үнемі таратылады. Осы жылыту басталар уақытта да барлық үйге жеке-жеке кіріп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.