Қарағанды облысында қылмыстық топ адамдардың пәтерлерін тартып алып отырған
Қарағанды облысында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың, ішімдік пен есірткіге тәуелді адамдардың пәтерлерін, заңсыз рәсімдеген қылмыстық топ ұсталды.
Оның ішінде заңгерлер, адвокаттар мен нотариус те болған. Сонымен қатар деструктивті діни ағым жақтаушысы бар. Күдіктілер жәбірленушілерге зорлық-зомбылық көрсетіп, 14 жылжымайтын мүлікті иемденді деп айыпталып отыр. Оларға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі:
- Тінту іс-шараларын жүргізу барысында әртүрлі жылжымайтын мүлік пен жеке тұлғалардың жеке деректеріне қатысты көптеген құжаттар тәркіленді. Қылмыстық топтың 28 мүшесі ұсталды. Олардың осындай басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Тергеу аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша жүргізілуде.