Қарағандыда дауылдан көпқабатты үйлердің шатыры ұшып кетті
Қарағанды облысының Осакаров ауылында жолда қалған 7 адам құтқарылды, деп хабарлайды 24kz.
Олардың 5-еуі балалар. Степное ауылына жетпей боран салдарынан жүре алмай қалған көлікті құтқарушылар қауіпсіз жерге жеткізді. Түнде өңірде сағатына 20 м/с дейін жел соғып, қар жауды. Осыған байланысты «Алматы-Екатеринбург» тас жолы жабылды. Ал қаланың бірқатар көпқабатты үйлердің шатыры ұшып кетті. Сымдардың үзілуінен кейбір үйлерде жарық жоқ. Қазір электр желілерін қайта іске қосып жатыр. Облыста жедел штаб құрылды.
Роллан Есмағанбетов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
- Өңірде 20 м/с қатты жел соғып, шатырлардың ұшу жағдайы орын алды. Барлығы 9 жағдай тіркелді. Кейбір елді мекендерде электр желілері үзілді. Ол аумақтарда қалпына келтіру бригадалары жұмыс істеп жатыр. Барлық тіршілікті қамтамасыз ету объектілері штаттық режимде жұмыс істеуде.