Павлодарда жылыту маусымы басталғаны 15 өрт оқиғасы тіркелді
Павлодарда жылу маусымы басталғалы 15 жеке үйден өрт шығып, иіс тиюдің үш оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды 24kz.
Жалпы жекеменшік тұрғын үйлерден өрт жиі шығады. Былтыр қызыл жалын 69 үйді шарпыған. Мамандардың айтуынша, бұған жылу құралдарын дұрыс пайдаланбау мен адамдардың сарғырттығы себеп болып жатады. Төтенше жағдайлар қызметі өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру мақсатында күн сайын рейдке шығады. Әсіресе, әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар ерекше назарға алынған.
Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері Павлодар қаласының тұрғыны Баян Хамиттың үйіне келді. Жасы сексеннен асқан қария үйін көмір жағып жылытады. «Пештен ақау шыққанын сезбей қалам ба?», - деп қорқады ол. Сол үшін датчик орнатып беруді сұрапты.
Баян Хамит, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Кейбір кезде иіс шығып кетеді мына пештен, көмірмен жағамыз ғой. Сондықтан естідім, осындай нәрсе бар екенін, сосын звондағам сендерге.
Мұндай жұмыстар ауылдық жерлерде қатар жүргізіліп жатыр. Жуырда Павдодар ауылына барған мамандар 250-ге тарта үйді аралап шықты. Олар өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, жылыту құралдары мен пештерді пайдаланудың негізгі ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Айхан Нұрмұханов, Павлодар қаласы ТЖБ аға анықтаушысы:
- Өткен жылдың өзегінде қала аумағында тұрғын үй секторында 69 өрт дерегі орын алды. Биыл өрт санының көрсеткіші 15-ке жетті. Салыстармалы түрде көрсеткіштер төмендегенімен, өз тарапымыздан профилактикалық жұмыстарды жалғастырудамыз. Улы газ әсерінен жапа шегіп, көз жұмғандардың да саны аз емес.
Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың тізімін жасаған. Олардың саны 1 мыңнан асады. Бүгінгі күні жартысынан астамына улы газ шыққанда дабыл қағатын датчиктер орнатылды. Өрттің алдын алу жұмыстары жалғасады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков