Жамбыл облысында теріс діни ағымды дәріптеген 11 радикал ұсталды
Олар ел аумағында тыйым салынған діни материал мен уағыз-насихатты әлеуметтік желілерде жариялап отырған.
Күдіктінің төртеуі тараздық болса, қалғандары Жамбыл ауданының тұрғындары болып шықты. Олар теріс діни кітаптарды өз үйінде жасырған. Күдіктілерді прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полицейлер арнайы операция кезінде қолға түсірді. Жалпы былтыр елде экстремистік әрекеті үшін 84 адам сотталған.
Арманжан Әбдібеков, Жамбыл ауданы прокуратурасының аға прокуроры:
- Күдікке ілінген тұлғалардың үй жайларына тінту барысында ҚР аумағында діни алауыздықты қоздырушы ретінде таратуға тиым салынған материалдар тәркіленді. Аталған факт бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 174-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы екі ай мерзімге сотпен санкцияланды.