Балқаш – Қарағанды тас жолында 19 көлік соқтығысты
Балқаш – Қарағанды тас жолында 19 көлік соқтығысып қалды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» мекемесі Telegram-дағы арнасында хабарлады.
Бүгін сағат 10:30-дан бастап Екатеринбург – Алматы тас жолының Балқаш – Қарағанды аралығында көлік қозғалысы ашылған еді. «Мұндай шешім ауа райының жақсаруына және көлік кептелісіне байланысты қабылданған. Сағат 12:30-да осы учаскенің 1630-шы шақырымында 19 көлік соқтығысып, ірі жол апаты болды. Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі мен жедел жәрдем қызметкерлері жүр. Бұл жол-көлік оқиғасына қатысушылар колонна қозғалысында болмаған», – делінген хабарламада. Апаттың алдын ала себебі – жылдамдық пен қауіпсіз қашықтықты сақтамау. Жол-көлік оқиғасы туралы толық ақпарат анықталып жатыр.