БҰҰ Қазақстанның Ауғанстанға көмегін жоғары бағалады
Ауғанстан халқы үшін 280 тонна астық пен балалар киімі жеткізілді.
Гуманитарлық жүк біздің ел мен Тәжікстан, Түрікменстан мемлекеттерінің қолдауымен жиналған. Ауған елінің азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық ұйым Қазақстанның бастамасымен құрылды. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын ондаған мемлекет пен Ислам ынтымақтастығы ұйымы қолдап отыр.
Әбу-Дабидегі Тұрақты даму апталығы саммитінің ашылу салтанатында Қазақстан Президенті еліміз жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қорғауға атсалысатынын айтты. Астық өндіруден әлемде 7-орынға ие Қазақстан өзінің ауылшаруашылық әлеуетін осыған бағыттайды. Қасым-Жомарт Тоқаев дамушы елдерді қолдау үшін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен ынтымақтастыққа үндеді. Ауғанстанның азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасының жұмысын үйлестіру Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына жүктелді. Ұйымның бас директоры Ерлан Байдәулет өз кезегінде Біріккен ұлттар ұйымының Ауғанстанға көмек жөніндегі миссиясының басшысы Роза Отунбаевамен келіссөз жүргізді. Тараптар ортақ меморандумға қол қойды. Нәтижесінде Кабулдағы мұқтаж халыққа кезекті гуманитарлық көмек жөнілтілетін болды.
Ерлан Байдәулет, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының бас директоры:
- Қазақстан, Тәжікстан және Түрікменстан үкіметтерінің қолдауымен біз Ауғанстан халқы үшін гуманитарлық көмек жөніндегі акция өткізіп жатқанымызға қуаныштымыз. Мен бұл елдегі «Қызыл крест» қозғалысының жетекшісін осы аймақ үшін маңызды іс-шараны ұйымдастырып, өткізуге қолдау білдіргені үшін алғыс білдіремін.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Роза Отунбаева Ислам ұйымын қолдап, жан-жақты серіктестікке дайын екенін жеткізді. Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында көмек беруге ниетті тараптардың қолдауы ауған халқы үшін маңызды. Ондағы гуманитарлық дағдарыс пен саяси-экономикалық ахуал әлем елдерінің назарын аударып отыр.
Роза Отунбаева, Ауғанстанға көмек жөніндегі БҰҰ миссиясының басшысы:
- Бұл көмек есірткіге тәуелділіктен зардап шегетін тұрғындарға арналады. Өкінішке қарай бұл 40 жылға созылған соғыстың ауыр зардабы. Бұл өзекті проблемаға ешкім жеткілікті деңгейде көңіл бөліп отырған жоқ. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына қолдауы үшін тағы да алғыс айтқым келеді. Сіздердің арқаларыңызда Ауғанстандағы оңалту орталықтарында емделіп жатқан адамдар сапалы тағамға қол жеткізді.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы Қазақстанның бастамасымен 2013 жылы құрылды. Бүгінде 38 мемлекет пен Ислам ынтымақтастығы ұйымының 57 мүшесі оның құрамына топтасқан. Ұйым ислам әлеміндегі азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламаларын үйлестіруді бір арнаға тоғыстырған жетекші рольге ие. Бүгінде Халықаралық донорлар адамзаттың ортақ құндылықтары үшін Ауғанстан еліне бір елдей жұмыла көмек көрсетуі - күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірден біріне айналған.