Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге барды
Мемлекет басшысы сапарын ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде ірі шайқастар болған Ржев округінен бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Онда 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадасының құрамында соғысқан қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалдық кешенге гүл шоғын қойып, боздақтардың рухына тағзым етті. Бұл мемориалдың ұзындығы – 27, биіктігі – 4 метр. Тұтас граниттен қаланған. Мемориалда «100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадасының жауынгерлері мәңгі жадымызда сақталады. Сіздерге алғысы шексіз қазақстандықтар атынан» деп жазылған. Ескерткіштің оң жағына Қазақстан картасы бар панно орнатылған. Онда 1941 жылы 2 бригада жасақталған Алматы және Ақтөбе қалалары, сондай-ақ елордамыз – Астана қаласы белгіленген. Осы бригадалар сапына Қазақстаннан шақырылған 9312 жауынгердің есімі мәрмәр тақталарға қашалып жазылған. Мемлекет басшысы қырғыз жауынгерлеріне арналған мемориалға да гүл шоғын қойып, қаза тапқан солдаттарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ертең Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Жеңістің 78 жылдығына арналған парадқа қатысады. Салтанатты шараға Ресей тарапы ТМД-ға мүше елдердің басшыларын шақырған.