Елбасы Түркістандағы бірқатар мәдени-әлеуметтік нысанды аралады

Соңғы екі жылдың ішінде қайта түлеген Түркістанда 257 ғимарат салынып, пайдалануға берілген. Бұл жайында бүгін Елбасы Түркістанға сапары барысында айтты. Нұрсұлтан Назарбаев қаланың даму қарқынымен танысып, бірнеше мәдени-әлеуметтік нысанды аралап көрді.

Жарлық шығып, көне Түркістан жаңарудың жолына түскелі бері үш жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында атқарылған орасан жұмысты құрылыстың қарқынынан, экономикалық көрсеткіштерден аңғаруға болады. Ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болған, 21 хан мен ұлттың игі жақсыларының мәңгілік мекеніне айналған киелі шаһарды түлетудің жоспары 2050 жылға дейін есептелген. Елбасы Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу салтанатына қатысты. Киіз үй пішіндес кешендегі 21 уыққа Жәнібек пен Керейден бастап Кенесары Қасымұлына дейінгі қазақтың 21 ханының есімі жазылған. Ал ортада тұрған 12 метрлік асатаяқтың түбіне төрт тау текенің мүсіні орнатылған. Осы жерде Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Дала бірлігі» капсуласын салды. Капсуланың ішінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қасиетті жерлердің топырағы бар. 

Яссауи кесенесіне жақын жатқан мемориалдық кешен Түркістанның мәдени-рухани орталығының мазмұнын толықтырады. Бұл жердегі әрбір ғимарат бір-бірімен үндесіп, үйлесіп тұр. Қалаға келген турист елдің тұтас тарихымен танысатын болады.  

Дархан Әбдуахит, тілші:

- Жазы ұзақ, климаты құрғақ Түркістан саялы мекенге айналып келеді. Бүгін келген мейман бұрын бұл маң жел тұрса шаңы көтерілетін жер болған деп әсте ойлай қоймас. Қазір қаланың іші жағалай жасыл желекке оранған, ал айналасында жасыл белдеу салынып жатыр. Бұл дегеніміз 13 мың гектардан астам жерде орман болады деген сөз. Облыс орталығы болғалы бері Түркістанда 18 саябақ, 20 аллея салыныпты. 300 мыңнан астам ағаш отырғызылыпты. Осыған қарап, көгалдандырудың көлемін топшылай беріңіз. 

Әзірет Сұлтан қорық-музейінің айналасын көгалдандыру жұмысының бір нәтижесі мына ботаникалық бақ. Жергілікті жұрт Яссы бағы деп атайтын аумақта ағаштың, өсімдіктердің бірнеше түрі егілген. Германия мен Бельгиядан әкелінген көшеттер де тез жерсініп кетті. Қазір бұл саябақ көпшілік көп қыдыратын орынға айналды. 

- Бізде ыстық болатын, аптап ыстық болатын. Ал қазіргі уақытты Түркістанның ауа райы қолайлы қалыпқа түсті, себебі күн салқын, себебі барлық жерде сулар ағып жатыр. Талдар егіліп, жасыл желекке жамылып жатыр. Бұл дегеніміз халық үшін деген сөз.

Киелі шаһардың келешегі туризммен байланысты. Мұнда саяхаттап келген мейман жоқ дегенде бір түнеуі керек. Соның қамы жасалды. Туристер аралап көретін, күн ұзаққа серуендеп жүретін жер көп. Рухани-танымдықтан бастап ойын-сауыққа дейінгі бірнеше орталық салынған. Тынығып демалатын қонақ үйлері де көбейген. Былтыр келгенде құрылысы басталған бірқатар нысан биыл пайдалануға беріліпті. Елбасы түрленген Түркістанды аралап шықты.

Түркістан музыкалық драма театры. Қаланың тұтас архитектуралық стилімен сабақтасып тұрған өнер ордасын Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Елбасы жаңа ұжымның жұмысына сәттілік тіледі. Бұл өнер ордасының таңдаған бағыты ерекше. Перформативтік театрда Қазақстанның ғана емес, әлемнің көптеген елінен келген өнерпаздар келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін болды. Қазір кастинг жүріп жатыр. Осылайша балет пен хор, опера мен драманың артистері іріктеледі. Ал жұмысқа алынған мамандар шетелдік және отандық белгілі актерлардың курсынан өтеді.

Айнұр Көпбасарова, Түркістан музыкалық драма театрының директоры:

- Біздің театрға шетелден және республиканың түкпір-түкпірінен талантты жас, дарынды режиссерлар, сценографтар, хореографтар, актерлар жиналып, осындай үлкен труппа жинап жатырмыз. 

Театрға келген талантты жастардың бірі Әйгерім Шәріп пен Фархад Сәдуақасов. Фархад Мәскеудің балет труппаларында өнер көрсеткен артист болса, Әйгерім Австрияда білім алған опера әншісі. 

Фархад Сәдуақасов, балет артисі:

- Түркістан қаласын хореграфия жағынан дамытқым келеді, өте жақсы мүмкіндіктер ашылып жатыр қазір. 

Әйгерім Шәріп, опера әншісі:

- Мюзиклдер қоятын жоспарымыз бар.  Операны да қоятын жоспар бар. Мюзикл деген ол балет артистері ән айтады, хор би билейді. Сондай қызық жоспарларымыз бар.

Киелі мекен тарихымен құнды, қадірлі. Қазіргі таңда Күлтөбе қалашығында қазба жұмыстары жалғасып жатыр. Шамшырағы қайта жанған көне шаһар тарихының бастауын мамандар Күлтөбемен байланыстырады. Оның үстіне Түркістандағы қазба жұмыстары кезінде қаланың тарихы тым тереңде екенін дәлелдейтін жәдігерлер табылды. 

Бауыржан Байтанаев, тарих ғылымдарының докторы:

- «Мәдени мұра» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында жасалған қазба жұмыстарынан кейін Түркістанның өте көне екені анықталды. Оның бірінші кезеңі осыдан 3 мың жыл бұрын қола ғасырында басталғаны анықталды. Орталық Қазақстаннан қола ғасырының тайпалары келіп, осында өздерінің елді мекендерін құрған. 

Жарлық шығып, облыс орталығы мәртебесіне ие болғанға дейін Түркістанда 170 мыңнан астам адам тұрса, бас жоспарда белгіленген межеге сүйенсек, келешекте жергілікті халықтың саны үш есе өседі. Ал осы уақытқа дейін бұл жерге жылына 1,5 млн турист келсе, 2030 жылға қарай 3,5 млн жетеді деген болжам бар.

-  Адам танымастай болып отыр. Таңқалып отырмыз. 1991 жылы бір келгенбіз. 2007 жылы бір келіп көргенбіз. Не дейміз, Елбасына рақмет. Жүрген жерінің бәрін көркейтіп жатыр.

- Қазір кіріп келе жатқаннан байқап жатырмыз, қаншама өзгерістер бар. Қаншама ғимараттар да өзгеріпті, қандай керемет деп таңқалып жатырмыз.

- Осының бәрі адамдар үшін, бала-шаға үшін. Мына немерелерімізбен, келінімізбен... келініміз Петропавлдан келіп тұр. Осыларды айналдырып кішкентай немерелерді ойнатып қайтайық деп. 

Бастапқы бағдар анық. Бас жоспарда салынған ғимарат кесенеден биік болмауы тиіс. Бұл маңайдағы негізгі деген нысандар бой көтерді, алып аумақ абаттандырылды. Әкімшілік-іскерлік орталық кесенеден әжептуір алшақ жатқандықтан бұл жерде еңселі ғимарттардың біразы салынады. Осылайша батыс пен шығыстың сәулеті сәтті үйлесіп, шаһардың шырайын келтіріп тұр.

Жаңарған, жаңғырған Түркістандағы жақсы істер жалғасын таба береді. Биыл тұтас Түркі әлемінің рухани астанасы атанған киелі шаһар облыс орталығы ретінде дамуының алғашқы үш жылдығын ұшан-теңіз жетістіктермен қорытындылап отыр.

Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев және Дулат Ентебеков